Оқушылардың жобалау және зерттеу жұмысы – Алпамыс мектебіндегі білім беру процесінің негізі болып табылады.
27-31 қаңтар аралығында мектепте «Идеялар мен шығармашылық жобалар жәрмеңкесі» – ғылымның, шығармашылықтың және қызығушылықтың дәстүрлі мерекесі өтуде.
ЖӘРМЕҢКЕ ИДЕЯСЫ
Жәрмеңкенің негізгі идеясы – оқушылардың танымдық дербестігін дамытуға жәрдемдесу, қоршаған ортаға шығармашылықпен және жаңа көзқараспен қарауға ынталандыру, күнделікті өмірдегі өзекті мәселелердің шешімдерін ұсыну.
Іс-шараның форматы – Science Fair постер конференциясы – ерекше қарым-қатынас атмосферасын құруға көмектеседі. 1-11 сынып оқушылары стендтер арқылы өз идеяларымен таныстырады, сұрақтарға жауап беріп, зерттеу барысы туралы баяндайды. Мұнда жатталған мәтіндер жоқ – тек қызу пікірталас, ашық сұхбаттасу, шынайы эмоциялар, еркін қарым-қатынас орын алған.
ИДЕЯЛАРДЫҢ ӘРТҮРЛІЛІГІ — ТАБИҒАТТАН ТЕХНОЛОГИЯҒА ДЕЙІН
Әрбір жоба – автордың қызығушылықтары мен ой-өрісін көрсететін шағын әлем. Биылғы жылы көрме қатысушылардың рекордтық санымен таң қалдырды – жәрмеңкеге 300-ден астам жоба ұсынылды.
Ұсынылған шығармашылық жұмыстардың тақырыптары сан алуан. Аясы кең зерттеулер табиғат құпиялары мен мәдени символдардан бастап, жоғары технологияларға дейін қамтиды. Жобалардың ішінде «Неліктен кемелер батып кетпейді?», «Полиэтилен пакетінің тарихы», «Тіс пастасы тістің беріктігіне әсер ете ме?», «Өрмекші адам, фантастика немесе шындық па?», «Пияз — жеті дерттің дауасы», «Қытайлық сәттілік символдары және олардың мағынасы», «Рубик Кубы және спидкубинг», «Комбинаторика әлемі» және басқа да қызықты тақырыптар бар.
Жәрмеңкенің ерекшелігі – оның көп тілділігі. Оқушылар өз жобаларын қазақ,орыс және ағылшын тілдерінде ұсынды, бұл тек зерттеушілік дағдыларды емес, тілдік дағдыларды да ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Идеялар жәрмеңкесі – жай ғана көрме алаңы емес, бұл өз ойын білдіруге, таланттарды тануға берілген мүмкіндік. Директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары және жәрмеңкені ұйымдастыру комитетінің төрағасы Рамазан Оспан атап өткендей:
«Біз әрбір оқушының әлемді, қоршаған ортаны танып, білуге деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз, бала өзі жүргізген зерттеу жұмысының нәтижелерін көрсете алғанын қалаймыз. Біз үшін оқушының бірде-бір зерттеуі, ашқан кішкентай жаңалығы, кішкентай жетістігі назардан тыс қалмауы маңызды. Әрине, оқушылардың бәрі бірдей жәрмеңке жеңімпазы бола алмайды, бірақ біздің мақсатымыз – әр қатысушыға жағымды эмоциялар беру арқылы зерттеуге ынталандыру, өзіне, өз қабілеттеріне сендіру. Осылайша таңдалған іс-шара форматы балаларға құрдастарының алдында жаңа жағынан танылуға мүмкіндік береді».
Жәрмеңкеге қатысушылардың жұмысын құрамына қосымша білім беру педагогтары мен мұғалімдер кіретін құзыретті қазылар алқасы бағалайды. Сонымен қатар, оқушылардың өздері бағалауға қатысады, бұл оларға өзін-өзі бағалау және сыни ойлау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
ШАБЫТТАНДЫРАТЫН НӘТИЖЕЛЕР
«Идеялар жәрмеңкесі» зерттеуге деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, балаларды жаңа жетістіктерге шабыттандырады.
Әрбір жоба – бұл алға жасалған қадам, қызығушылық пен еңбекқорлықтың нақты жетістіктерге айналуының айқын көрінісі.
Идеялар жәрмеңкесінде ертең әлемді өзгертетін болашақ өнертапқыштар, инженерлер, көшбасшылар мен арманшыл жас өрендер шыңдалады.