Абай Кунанбаев

1894

Абайдың ақын адамдарға тән «жалығу» сияқты мінездің пайда болуы жайлы әңгімелеп, оған қарсы қамдану жолдарын ұсынатын қара сөзі.

Қашан жазылды?

Философиялық-діни мазмұндағы жиырмасыншы қара сөзін Абай 1894 жылы 49 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Өмір есігін ашқан адам есейе келе, естіп, білгенін қорытып, бойына білім мен өнер жинап, санасы толыққан сайын, дүниенің өткіншілігін, Құдайдан басқаның барлығының баянсыздығын түсінеді. Мұндай ойға есті адамдардың айтқанын санасына құйған, оқығаны мен тоқығаны мол жандар батады. Абай жиырмасыншы қара сөзінде жалған өмірдің баянсыздығына, қызықты саналған дүниенің барлығы да адамды жалықтыратынына тоқталған. «Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді» деген алғашқы сөйлемде ойшыл Құдайдан басқаның бәрі де дүниеде ауыспалы, тұрақсыз, баянсыз деген пікір айтқан. Адамның пешенесіне жазылған тағдыры – Құдай тағаланың бұйырған жолы екенін Абай қысқа сөйлеммен мойындаған.

Ал сол баянсыз өмірде пенденің өзімен бірге жаралған ісінің бірі –жалығу дейді. Жалығуды адам өзі іздеп таппайды, біреуден жұқтырмайды деп есептеп, бұл күйге бір бой алдыртқан жан одан құтылуы қиын. Қанша ұмтылса да, шырмауықтай құрсаған күшінен шығамын деп қайраттанса да, жалығу адамды түбі жеңбей қоймайды дейді. Саналы адам ақыл таразысына салып, ой елегінен өткізіп, көкірек көзімен зерделесе, қоршаған дүниеде бәрі де жалықтыратынын түсінеді. Дәмді тағам да, ойын-күлкі мен жиын-той да, кербездік пен мақтан да, әйел де – қоршаған жалған өмірдегі қызықтың бәрі де саналы адамды жалықтырады. Бәрінің өткінші, тиянақсыз, баянсыз екенін білгенінде, адамның көңілі одан сайын суыйды. Қызықты өмірдің баянсыдығынан көңілі қалған саналы адам бірқалыпты ештеңе жоқ екенін түсінеді дейді.

Сондай жалығуға, дүниенің баянсыздығын сезініп жалғыздықты түсінуге пенденің барлығы бара алмайды. Ондай күйге ойлы адам ғана түседі деп есептейді. Ойлы адам тіршіліктен де жалығады деп, өткен өмірдегі ақымақтық пен қайғысыздық та бір ғанибет деп санайды.

Қай жанрда жазылды?

Философиялық мазмұндағы жиырмасыншы қара сөз өсиет-ғақлия  сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Жиырмасыншы сөз

Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?

Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын.