Абай Кунанбаев

1891

Абайдың тылсым құдірет иесі адамның екі күйіне – күлкі мен қайғыға талдау берген қара сөзі.

Қашан жазылды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Хакім Абай төртінші сөзінде күлкі туралы ойын, сынын талқыға салады. Адам табиғатындағы психологиялық құбылулар тылсымына бойлайды. Қандастарының уайым-қайғысыз кейіптегі мән-мағынасыз өмірінің парқын салмақтайды. Орынды харекет ақ адал еңбекке шыңдайды, өнер-білімге ұмтылдырады, уақытыңды бағалауға септеседі. Үнемі ізденістегі мінезді, жігерлі жанның өсек-аяңмен, дау-шармен, жөнсіз күлкімен ісі жоқ. Жақсының жақсылығынан ғибрат алған ізгі жан күлкіге, мастыққа салынбайды. Ерсі іс, парықсыз тірліктен тізгін тартуымен өзіне де арына да ие болып қалады.

Күлкі мен қайғы табиғатын зерделейді. Орынсыз, мәнсіз күлкінің орға жығарын байыптайды. Күлкіге салынған кісінің шаруадан, ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр қалып, өмірін мән-мағынасыз өткізудегі өкінішін ұқтырады. Уайым-қайғы ойлағыш парасатты кісінің дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болатынын, болмысқа сергек сезімменқарайтынын айтады. Үнемі уайым-қайғыға адам жаны шыдас бермейтінін, күлкісіз де жан баласының күні жоқтығын саралайды. Әрбір жинақылықтың түбі кеніш деп, уайым мен қайғыға салыну, одан құтылудың мән-мағынасын ақыл таразысына салады.

Қай жанрда жазылды?

Автор тың өрістерден ой өрбітіп, жүйелі философиялық ой қорытады. Абайдың күлкі табиғатын қаузауымен өмір мәнін ақыл биігінен, парасат заңарынан пайымдауының мағынасы тереңде.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Төртінші сөз

Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил1 көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте2 басы бір ауырмай қалмаса керек.

Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш3 болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қыл дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет4 табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!

Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де – бір антұрғандық. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат5 алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады.

Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау –құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі.

Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.

Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуеліқұдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды.

1Ғафил (арабша) – бейқам, салақ, алаңғасар.

2Ахират (арабша) – арғы дүние, о дүние.

3Кәніш (парсыша) – іс әрекет, жұмыс әрекет.

4Харекет (арабша) – әрекет, іс, жұмыс.

5Ғибрат (арабша) – өнеге, үлгі, сабақ.