Абай Кунанбаев

1897

Абайдың билік пен байлық секілді ой-толғамнан тұратын, түзу жолға түсу мен тығырықтан шығу туралы жазған мағынасы терең қара сөзі.

Қашан жазылды?

Қоғамдағы әлеуметтік қайшылық мәселелері туралы талдау жасаған қара сөзін Абай 1897 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Абай айтады: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Онсыз осы дүниеде сенің ұсақ-күйкі тірлігіңде асқан қызық бар деп не айтып, не зорлап көндіре алмайсың. Күштеп, зорлап балаларын медресеге беріп, ғылым жолына түсіру үшін осы істерді атқармақ адамның қолында бек зор өкімет болуы шарт. Екіншіден, ол адам есепсіз бай болары керек. Себеп, ата-аналарына пара беріп, тағылым жолына салу керек. Бірақ бүкіл қазақты паралап алу қай кісінің қолынан келмек. Ондай дәулет қайда?

Міне, тұйыққа тірелу. Осы тұйықтан қалайша шығуға болады, оның жолын таппаған Абай: «етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтімен емген надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген» деп налиды.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы қырық бірінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Қырық бірінші сөз

Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек.

Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.

Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді.

Енді мұндай халықты еріксіз қорқытып көндірерлік күш-қуат ешкімге бітпейді. Ол баланы қазақтың бәрін паралап көндірерлік дәулет бір кісіге бітуге мүмкін де емес.

Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жырлап, не сырлап айтқанменен ешнәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!