Абай Кунанбаев

1897

Абайдың ұлттық мінез туралы терең ой-пікірлер айтқан қара сөзі.

Қашан жазылды?

Өз замандастары мен ата-баба мінездерін салыстыра отырып, екі мінездің жоқтығын сипаттап, талдайтын қара сөзін Абай 1897 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор өз туыстарының, замандастарының өткендерге қарағанда ілгері екендігін мойындайды. Сөйте тұра, осы күнгілерде ата-бабаның екі мінезі жоқтығын айтады. Бұл мінездердің жоқтығынан қазақ қауымының адал ісі алға баспай отырғандығына күйінеді. Жұртықтан кетіп барамыз, сайтандыққа салына бастадық деп налиды.

          Ол қандай мінездер еді? Бірі – «Ерте заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен». Ел арасындағы барша болмысты солар реттеп, басқарып отырушы еді. Ел басыға жұрт сеніп, қарапайым шаруа өз жұмысымен болушы еді. Өзін-өзі басқаратын ел болмағандықтан, қазақтарға сайтандық ене бастаған. Ел басы мен топ басылардың орнына саңырауқұлақтай қаптап, пысықтар, қу мен сұмдар пайда болды. Мінез ұсақталды, сондықтан намыс деген аруақты сөз жер болды, бұл қазір жойылған екінші мінез.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз тоғызыншы қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Отыз тоғызыншы сөз

Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?

Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. «Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады» деп, «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» деп, «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» десіп, «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» десіп. Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық.