Абай Кунанбаев

1893

Абайдың кербездікті қатты сынға алып, оны халықтың азып-тозып жүргендігінің бір көрінісі  ретінде қарап, тұжырымды ой айтқан қара сөзі.

Қашан жазылды?

Адам баласының кеселді мінезін сынаған он сегізінші қара сөзін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында  жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Қара сөздің түпкі идеясы кербез адамның мінезі мен қылығын сынауға арналған. Абай адам баласы бірінен-бірі сырты сұлу киімімен, мінген атымен озбайды дейді. Тегінде жыртықсыз, таза, үйлесімді, денеге қонған жарасымды киім киюді қолдайтынын айтып, осындай адамдарды көрсе сүйсінерліктей болатынын білдірген. Ал енді біреулер дәулетінен артық көрінгісі келіп, жұрттан ерекшеленуге ұмтылып, сәнденіп киінуге құмар дейді. Ондай адамды кербез деп санап, киімін де, істеген қылығын да жиіркенішті етіп суреттейді.

Киген киімімен, мінген атымен сәнденген кербез адамның екі түрлі қылығы болады дейді. Жасанды қимылдап, сақал-мұртын орынсыз түзеп, қолын тарақтап, бет-әлпетін, қас-қабағын, жүріс-тұрысын шынайы емес көрсетіп, даусын өзгертіп әуре болғандар кербездің бірінші қылығы дейді. Кербез адамды көрсететін екінші қылығы – дәулетіне сай емес, өзін елден ерек даралауды көздеген мінген атымен, киген киімімен мақтанану дейді. Жылтыраған бағалы киіміне, мінген қымбат атына ақылы мен мінезі сай келмесе, жараспаса, сондай адамды кербез деп танитынын айтады. Ондай жандар өзінен дәулеті мен мінезі, ішкі парасаты жоғары адамдарға жақын жүруді қалап, солардың қатарында елеулі көрінгісі келеді дейді. Олар өз қатарластарының ішін күйдірсе, тұрмысы төменгілердің бекер қызғанышын оятады деп сынайды.

Кербездікке бой алдыруды дертпен тең санап, оны адамдыққа жатпайтын қылық, масқаралық, ақымақтық деп есептейді. Мұндай жиіркенішті дүние адамды гүлдендірмейді деп біліп, адам баласы бірінен бірі ақыл, ғылым, ар, мінез секілді нәрселермен ғана озатынын айтады.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік мазмұндағы он сегізінші қара сөз дидактикалық толғаныс сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Он сегізінші сөз

Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі.

Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, сақал-мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейіншілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» – дейтұғын болмаққа ойланбақ.

Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық.