Абай Кунанбаев

1893

Абайдың адам өміріне философиялық ой жүгіртіп, терең топшылау жасап, адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесін сөз еткен қара сөзі.

Қашан жазылды?

Есті адамның қасиетін көрсеткен он бесінші қара сөзін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Он бесінші қара сөзінде Абай есті мен ессіз адамның айырмашылығын айтып, құмарлық, көрсеқызарлық, мастық, жастық қайратты дұрыс пайдаланбау, өмірді босқа өткізу секілді аздыратын жат қылықтарды, теріс мінезді сынайды. Бірінің бірінен туатынын, ақылға тоқтау керектігін, адамның өзінен өзі есеп алу жайын көтереді.

Ақылды мен ақылсыз адамның бір-бірінен айырмашылығы анық көрінеді дейді. Дүние есігін ашқан адам есейе келе, санасы толған сайын әр нәрсеге қызығушылық танытатыны табиғи құбылыс деп біліп, қызыққан кезін, тылсым дүниенің сырын ашуға құмартқан шағын өмірінің ең бір шуақты, шұғылалы уақыты деп санайды дейді. Шынында да, есті адам әсіресе бозбалалық, жігіттік, қайраты бойында толысқан кезінде көп білуге, әлемді аралауға, оның белгісіз, беймәлім жерін тамашалауға ұмтылады. Мұндай қызығушылықты, белгісіз, қызықты дүниені тануға ұмтылысты Абай саналы адамның жаратылысында бар болмыс деп санайды. Өмірінің біраз бөлігі кеткен шағында ондай кісі ізденіспен өткен қызықты күнін еске алып, жасаған жылдарына еш өкінбейді. Қайратты шағын орынды іске, пайдалы дүниеге жұмсаған ол ең қызықты күндерін еске алып, өткен өміріне ризалық етеді. Біз де ондай жанның пайдамен өткізген күніне, өміріне сүйсінеміз дейді.

Ал ессіз адам бойында күш, қайраты толысқан өмірінің қымбатты кезін орынды іске жұмсамай, әр нәрсеге бір қызығып, әр жұмыстың басын бір шалып, оны құмарлықпен өткізіп алады да, есейе келе мағынасыз жылдарына өкініш білдіреді. Оның ойынша, жастық шағы, қайратты кезі таусылмайтын секілді көрінеді. Сондықтан басқа қызыққа кенелемін деп кісімсіп жүреді де, өмірінің өзіне, қоғамға пайда тигізетін қымбатты уақытты босқа жіберіп алады дейді. Қайраты қайтқан кезінде жаңа бір істі бастаймын деп ұмтылған ондай адамның өткен күнінде береке, өмірінде сүйкім болмайды деп қорытынды жасайды.

Қай жанрда жазылды?

Философиялық-дидактикалық мазмұндағы он бесінші қара сөз монолог сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Он бесінші сөз

Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын  көрдім.

Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен  өмірдің өкініші де  жоқ болады  екен.

Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады  екен.

Үшінші – әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.

Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы-мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісілер ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к…н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі  екен, соны  көрдім.

Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?