Абай Кунанбаев

1890

Абайдың санасын сарпылтқан көкейкесті ойларын жазуға қалай кіріскенін байыптайтын қара сөзі.

Қашан жазылды?

Өз замандастары шұғылданған ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу және бала бағу секілді негізгі қарекеттерге талдау жасаған қара сөзін Абай 1890 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1916 жылы Орынбор қаласынан шыққан «Абай термесі» (бастырушы С. Әбішұлы) жинағының алғы сөзі ретінде жарияланған. Қара сөздің басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорындағы Мүрсейіт қолжазбасында 23-сөз болып көшірілген.

Қара сөз не жайында?

Хакім Абай қара сөзінде керекті сөзіне түйсінгендер көкірегіне түюін, қажетсіз десе көңіл кірбіңі жоқ екеніне салиқалы түсінік береді. Өткен өміріне ой жүгірткен ақын алысу, жұлысу, айтысу, тартысумен өткен ғұмырында әурешілікті көре келгеніне ашынады. Жер ортасы жасына қажумен, жалығуымен жеткенінде атқарған ісінің байлаусыз, қоршылық екенін түйсінген көңіл наласын білдіреді. Өмір мәніне, қоғам дамуына үңгіп, көкейін тескен сауалдарға жауап іздейді. Ендігі қалған ғұмырын қайтіп, не қылып өткіземіз деген сұраққа жауап таба алмай қайран болған жабыраңқы күйінінішін аңғартады. Ортасына, заманына сын көзімен қараған хакім Абай аталған істерден бас тартуын түсіндіріп, тап өзі өмір сүріп отырған кезеңде оларды қолға алу мүмкін еместігініңсаяси-әлеуметтік түбірін тарқатады.

Қай жанрда жазылды?

Мазмұны жағынан өзге сөздерге алғы сөз, кіріспе ретінде жазылған. Қара сөзде XIX ғасырдың соңындағы Қазақстандағы әлеуметтік болмыс қайшылығына социологиялық, философиялық талдау жасалады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Бірінші сөз

Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық –әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.

Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!

Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.

Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік.

Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық!

Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен керерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.

Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.