Кітапхана

Басты бет / Кітапхана

КІТАП ӘЛЕМІНІҢ ЕСІГІН АШ: ОҚЫ, ШАБЫТТАН, ӘРЕКЕТ ЕТ!

Алпамыс мектебінің кітапханасы – әрбір оқушы білім әлеміне еркін бойлай алатын, сан алуан мүмкіндіктері бар бірегей кеңістік: бұл тек оқу залы ғана емес, сонымен қатар семинарлар өткізетін және жобаларды қорғайтын орын. Мұнда әр оқырманның қызығушылығы мен сұранысына сай әртүрлі тақырыптар мен жанрларды қамтитын әдебиеттер жинақталған. Оқу залы мультимедиялық тақтамен және интернет желісіне қосылған компьютерлермен жабдықталған. Мектеп кітапханасының қызметі «Мемлекеттік кітапханалардың қорын қалыптастыру, пайдалану және сақтау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 44 бұйрығымен реттеледі.

Кітапхананың мақсаты мен міндеттері:

Оқу дағдыларын дамыту: Кітапхана оқушыларды жүйелі  кітап оқуға дағдыландырады, әдеби талғамын, сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамытуды мақсат етеді.

Оқу үрдісін сүйемелдеу: Кітапхана оқу материалдарының түріне, форматына қарамастан оқуға және өз бетінше зерттеуге арналған энциклопедиялардың, түрлі анықтамалықтардың кең ауқымын ұсынады.

Мәдени мұраға деген құрмет пен құндылықтарды қалыптастыру: Кітапхана – ұлтымыздың  әдеби мұрасын, ұлттық мәдениет пен тарихты зерделеу алаңы.

Кітап пен кітап оқуды насихаттау: Кітап оқуға деген құлшыныс пен қызығушылықты қамтамасыз ету үшін кітапхана әдеби іс-шараларды: викториналар мен білім байқауларын, зияткерлік сайыстар мен кітап көрмелерін ұйымдастыруға белсенді қатысады.

Кітапханашылар

Тлеубаева Кульдрай

Кітапхана меңгерушісі

08:00 - 18:00

Нургаламова Меруерт

Кітапханашы-библиограф

08:00 - 18:00

КІТАП ПЕН ОҚУДЫ ДӘРІПТЕУ ЖОБАЛАРЫ

Оқушылардың кітап оқу мәдениетін дамытуға, кітап пен кітап оқуды насихаттауға арналған  мектеп жобалары:

ОҚЫРМАНДАР ЧЕЛЛЕНДЖІ:

  • Кітапхана блиц-турнирі: оқушылар белгілі бір кезеңде оқыған беттер немесе кітаптар саны бойынша жарысатын оқу сайыстары;
  • Оқырман күнделіктері «ОҚУ ЖҰЛДЫЗЫ БОЛ!»: оқушылар оқырман күнделіктерін жүргізіп, оқыған кітаптарынан алған әсерлерімен құрдастарымен бөліседі.

КІТАП КӨРМЕЛЕРІ МЕН ЖӘРМЕҢКЕЛЕРІ:

  • «Тәтті кітаптар» фестивалі – «Tasty Books»: қазақстандық және әлемдік авторлардың шығармалары бойынша қойылымдар әзірлеп, кітап мұқабалары түрінде торт безендіру.
  • Тақырыптық кітап көрмелері: Әдебиет саласының жан-жақтылығына оқушылардың назарын аудару үшін белгілі бір тақырыпқа сай (жанр, ел, дәуір) жинақталған кітаптар көрмесі.
  • Кітап жәрмеңкесі оқушылардың өзара кітаптармен алмасуына немесе оларды сатып алуға болатын іс-шара.

Әдеби клубтар мен кездесулер:

  • Қызығушылық клубтары: Оқырмандар қызығушылығына (қиял-ғажайып, ғылым, тарих) негізделген клубтар, онда оқушылар оқыған кітаптарын талқылап, алған әсерлерімен бөліседі.
  • Авторлық кездесулер: оқушыларды оқуға және өз шығармаларын жазуға шабыттандыратын кездесулер мен пікірталастарға жазушыларды шақыру.

Әдеби сайыстар:

  • Шығармашылық шолу сайысы: Оқушылар оқыған кітаптарына стандартты емес шолулар жасайды.
  • «Алғашқы қадам»: әдеби тақырыптарға, өз ойларын қағаз жүзінде жеткізе білуге ​​арналған эссе байқауы.

ЭЛЕКТРОНДЫ РЕСУРСТАР

Жазғы демалыста оқушыларға оқуға ұсынылатын кітаптар тізімі

Толығырақ ақпаратты Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі сайтында біле аласыз

ОҚУҒА ҚҰШТАР ОТБАСЫ

Үйде көркем әдебиет оқуды қалай ұйымдастыруға болады. Ата-аналарға арналған ұсыныстар

Құрметті ата-аналар!

Кітап оқу – балаңыздың ақыл-ой қабілетін дамытып, ой-өрісін кеңейтудің кілті. Сондықтан кітапқа деген қызығушылықты арттыру үшін үйде отбасы болып бірлесе оқуды тиімді ұйымдастыру маңызды. Осы орайда тәжірибелі педагог психологтардың бірнеше құнды кеңестерін ұсынамыз:

Үлгі көрсету. Бала үлкендердің мінез-құлқын жиі қайталайды. Егер балаңыз сіз үшін кітап оқудың маңызды екенін көрсе, ол да оқуға құрметпен қарайтын болады. Отбасында әркім өз кітабын таңдайтын оқу кештерін жиі  ұйымдастыруға тырысыңыз.

Үйде ыңғайлы оқу кеңістігін ойластырыңыз. Балаңыз алаңсыз және жайланып оқи алатын кішкене бұрышын белгілеңіз. Бұл оның кітап әлеміне еркін енетін ең жайлы орны болсын.

Әртүрлі кітаптар. Әртүрлі жанрлар мен тақырыптардағы кітаптарды ұсына отырып, балаңызды оқуға қызықтырыңыз. Оқығанын талқылаңыз, сұрақтар қойыңыз, сыни тұрғыдан ойлауды дамытыңыз.

Мақсаттар қойыңыз. Балаңызбен бірге оқу мақсаттарын қойыңыз, мысалы, «аптасына бір кітап оқу». Бұл оның оқуға жауапкершілікпен қарауына көмектеседі.

Экран уақытын шектеңіз. Балаңызға күніне бір сағатты гаджеттерсіз өткізуді ұсыныңыз, оны оқуға арнаңыз. Бұл оның оқу әдетін дамытып қана қоймай, экран уақытын қысқартады.

Қолдау көрсетіңіз. Балаңызды кітаптар туралы өз пікірін білдіруге және алған әсерлерімен бөлісуге шақырыңыз. Тек оқу ғана емес, оқығанды ​​түсіну, талдау және талқылау маңызды екенін көрсетіңіз, үнемі айтып отырыңыз.

Әдеби кітаптарды оқу уақытты тиімді өткізудің тамаша тәсілі. Сіздің қолдауыңыз бен осы үрдіске қатысуыңыздың арқасында балаңыз ғажайып дүниелерді ашып, ой-өрісін кеңейтіп, интеллектуалды дамиды.