Alpamys School-да кітап оқуды ұнататын және оқығанын басқалармен бөлісуге дайын тұратын балалар мен ересектерді біріктірген ерекше мереке – кітап сыйлау күні өтті.
Гуманитарлық пәндер апталығымен тұспа-тұс келген мереке қарсаңында мектепте шығармашылық және зияткерлік іс-шаралар: әдеби викториналар, лингвистикалық олимпиада, «Зерделі зеректер» турнирі, ең жарқын әсер қалдырған кітаптарды талқылау сағаттары өтті. Онда оқушылар өздерінің сүйікті шығармаларымен бөлісіп, кітап мазмұны мен кейіпкерлерін талқылады, бір-біріне кітап сыйлады.
Жас кітапқұмарлар өзара кітап алмасып қана қоймай, бірінші кезекте оқуға ұсынатын кітаптардың берері жайлы құрбы-құрдастарына кеңес берді.
Халықаралық кітап сыйлау күніне арналған «Сүйіспеншілікпен кітап сыйла» буккроссинг акциясына оқушылармен қатар мектеп қызметкерлері де қызу қатысты. Осы бастаманың арқасында мектеп кітапханасының қоры қызықты жаңа басылымдармен толықтырылды, оларды енді барлық тілек білдірушілер оқи алады.
«Жақсы кітап – жан азығы» дегендей, Алпамыс мектебінде өткен кітап сыйлау күні балаларды ынтамен кітап оқуға, кейіпкерлермен бірге шытырман оқиғаларды бастан кешіруге шақырды, жаңа әлемдерді ашуға тың серпін берді.