29 қаңтарда Алпамыс мектебінде Батылдық сабағы өтті. Бұл күні оқушыларға құрметті қонақтар: Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Константин Викторович Авершин, арнайы операциялар күштері қолбасшысының орынбасары полковник Саят Төлепқалиұлы Бурбасов және 22750 әскери бөлімінің командирі Тимур Тілеубекұлы Тюстюбаев келді.
Әскери қызметкерлер балаларға Отан қорғаушылардың маңызды және құрметті миссиясы туралы айтты. Олар патриотизмнің, батылдық пен жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды, бұл қасиеттерді Ұлы дала халқы барлық уақытта ерекше бағалағанын атап өтті.
Оқушылар ҚР Қарулы күштерінің арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің қызметі туралы бейнероликті үлкен қызығушылықпен тамашалады. Арнайы күштер қолданатын атыс қаруларының заманауи үлгілерімен жақын танысу, оларды ұстап көру балаларда үлкен әсер қалдырды. Әр оқушы күн сайын бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кәсіпқойлар тобы туралы көп мәлімет біле алды.
ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әншілері орындаған арнайы операциялар күштерінің әнұраны — «Сауыт» шырқалғанда залда айырықша атмосфера орнады. Көрермендер әскери өнерпаздарға ерекше ілтипат көрсетті.
Батылдық сабағы 22750 әскери бөлімінің қолбасшылығы мен Alpamys School әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюмен аяқталды. Тараптар арасындағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру, «JAS JAUBASAR» балалар клубын құру. Жаңа клуб мектеп оқушыларына белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыруға, нағыз патриоттық, отаншылдық қасиеттерді дамытуға көмектесетін болады.
Алпамыс мектебіндегі Батылдық сабағы шынайы эмоцияларға бай, есте қаларлықтай өтті. Жас буынға үлкен ой салған, ерекше әсерге бөлеген тағылымды іс-шара мектеп тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болды.