12 желтоқсанда Alpamys schoolда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концерт өтті.
Мектеп фойесін «Менің Отаным» суреттер көрмесі безендірді, онда балалар жарқын және әсерлі жұмыстар арқылы Отанға деген сүйіспеншіліктерін қыл қалам арқылы білдірді.
Тәуелсіздіктің ақ таңын ардақтаған концерттік бағдарлама бай және мазмұнды болды. Мектеп сахнасында орта мектеп оқушылары да, бүлдіршіндер де өнер көрсетті, ал олардың шығармашылығы көпті тамсандырды. Мектеп хоры мен бүлдіршіндер орындаған би көрермендердің көңілінен шықты. Орта мектептің би тобы дайындаған жаңа қазақ биі елдің назарына бірден ілікті.
Сондай-ақ, домбырада «Тепен көк» күйін шерткен 3 «J» сынып оқушысы Пустовойт Евелина мен оның анасының өнеріне көпшілік зор қошемет көрсетті.
Концерттің ресми бөлімінен кейін Б.Тасатханқызының жетекшілігімен «Алпамыс» театр үйірмесі дайындаған С. Жүнісовтың драмасы негізіндегі «Туған жер» қойылымы басталды. Жас өнерпаздар көрермендерге «Сәукеле тау» тауының әсерлі тарихын баяндап, мәдени мұраны сақтаудың маңыздылығын еске салды. Ыстық ықыласын аямаған көрермен жас әртістерге зор қошемет көрсетіп,сахнадан ұзақ жібермеді.
Бұл күн дәстүрлерді сақтау және Отанға деген сүйіспеншілік жолында мектеп қауымдастығының бірігуінің жарқын көрінісі болды. Осылайша, өз елі үшін мақтаныш сезімін оятқан концерт жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.