Абай Кунанбаев

1898

Абайдың құдай туралы ұғымды тереңінен оқып-танып, Алланың хикметі – ғаділдік пен махаббат туралы философиялық ой толғаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Алла хикметін сезіну жолдары туралы талдау жасаған қара сөзін Абай 1898 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор бүкіл адам баласының мыңдаған жылдар бойы сеніп келген діндерін мансұқ етпей, олар да бір «үлкен құдай» барын білген, соған құлшылық еткен, — дейді. Сонда әрбір дін сол «үлкен құдайға» жетудің жолдары, тәсілдері болмақ. Пенде жаратушының көмекшісі, олай болса, біз оның қасиеті ғаділет пен махаббатына ынтық болуымыз керек, нағыз құдай жолы, жаратқанды мойындау – осы.

          Абайдың ұғындыруынша, адамды адамнан жоғары қоятын байлық емес, билік емес, Алланың хикметін кімде кім анығырақ сезінсе, сол биік болмақ. Алла хикметі – ғаділдік пен махаббат. Бұл сезімдерсіз өмір жоқ. Бұл сезімдер кімде толығырақ болса, ол – ғалым, ол – ғақыл. Осы ойлары арқылы Абай бір діннің шеңберінен, бір дін дүниетанымынан асып кетіп, адамзатқа тән ойлау жүйесіне түскен.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы қырық бесінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Қырық бесінші сөз

Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі.

Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес.

Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.