Абай Кунанбаев

1894

Абайдың қазақ тұрмысының әлеуметтік құрылымын ашып берген қара сөзі.

Қашан жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма екінші қара сөзінАбай 1894 жылы 49 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Қара сөзде Абай өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік құрылымына баға берген. Шығармадан ойшылдың қазақ қоғамының әлеуметтік топтары жайындағы көзқарасын, дүниетанымын байқаймыз. Абай ұғымында байлар, мырзалар, болыс пен билер, мықтылар, есті кісілер, ғаріп-қасар бишаралар, қу мен сұмдар кім екенін түсінеміз. Олардың мінезі мен болмысы, іс-әрекеті, елге пайдасы мен қызметі туралы ой түйеміз. Әлеуметтік топтардың жігін ажыратып, Абай осы күні кімді қадірлеймін, кімді жақсы көремін деп өзіне өзі сұрақ қояды.

Байдың өз қолында билігі жоқ, еркі шектеулі. Малына иелік жасай алмайды. Ондай байды қалай қадірлеймін, қалай құрметтеймін дейді. Бұл орайда ақын қазақ жұртының басынан билігі кеткен заманның шынайы бейнесін жасырмайды. Қазақ байы ел берекесі болатындай өз малына иелік ету керек еді. Бірақ ел тұтқасы бола алатындай берекелі бай қалмады және оларда байлығына билік жасайтын мүмкіндік жоқ деген мазмұнды аңғарамыз. Байдың түрі көп. Кейбір байлар қайырымдылық жасамай, мырзалық етпей ойсыздарға малын шашып, өзінің туған елімен, жерімен ойрандасып жүр деп, оларды сынға алады. Ақынның бұл орайдағы нақылы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі идеясымен үндеседі. Адам бойындағы бес дұшпан қатарына малшашпақтықты атайтын өлеңдегі ойы жиырма екінші қара сөзінде тұжырымдала түскен. Байлардың енді бір түрі кеселді қуларға жем болып жүр. Себебі олар берекелі тірлік жасайтындай бір-бірімен бірлесе алмаған дейді.

Елдің ішінде мырза атайтын жандар да қалмаған. Тегінде мырзалық істеген адам өзінің жасаған жақсылығынан ештеңе дәметпеуі керек еді. Ал біздің мырзамын деп жүргендер мал берсе, ар жағында содан өзіне қандай пайда келеді деп құлқын ойлайды. Мырзаның жасаған жақсылығында арамы пиғылы болмау керек еді. Сондықтан ондай мырзаны да құрметтей алмаймын дейді.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма екінші қара сөз публицистикалық памфлет сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Жиырма екінші сөз

Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойладым.

Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса, өз басының, өз малының еркі өзінде болмас па еді? Ешбір байдың өз малының еркі өзінде жоқ. Кей бай өзі біреумен күш таластырамын деп, жүз кісіге қорғалауықтығынан жалынып, малын үлестіріп жүр. Ойлайды: жалынтып бердім деп, ақымақтығынан. Жоқ, өзі жалынып беріп жүр. Қайыр да емес, мырзалық та емес, өз елімен, өз жерімен ойраңдасып, ойсыздарға қойнын ашып, малын шашып жүр. Кей байлар, елдегі құттылар, сүттілер берекелесе алмаған соң, кеселді қулар көбейіп кетіп, көп қорқытып, іздеген нәрсесі жоқ, еріксіз кім болса соған жеміт болып жүр.

Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр. Біреулер к…не құрым киізді тұзға малшып тыққан соң есі шығып, мырза болып, еріксіз кім болса соған талтайып емізіп жүр.

Болыс пен биді құрметтейін десең, Құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ.

Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ.

Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті.

Ғаріп-қасар бишараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жайы бар.

Енді қалды қу мен сұм, олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес.

Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Енді, әлбәттә, амал жоқ, момындығынан «Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалмен боламын деп, бергенінен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым.