1893
Абайдың жүрек және оның қаисеттері туралы ой толғап, елдің азып-тозуынан құтылуының бірден-бір жолы халық түсінігінің өзгеруі деп қорытынды пайым жасаған қара сөзі.
Қашан жазылды?
Қазақтың кейбір сөзді теріс мағынада қоланып жүргенін сынаған Он төртінші қара сөзін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Қара сөз алғаш рет 1918 жылы «Абай» журналының оныншы санында жарияланды. Одан кейін Абайдың 1933жылғы жинағына енді. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.
Қара сөз не жайында?
Он төртінші қара сөзінде Абай адамның ең аяулы жері – жүректің құдыреті жайында ой қозғаған. Кемеңгер ойшыл қазақтың «жүректі адам» деген тіркесін қате қолданатынын сынап, оның түпкі мағынасын түсіндірген.
«Жүректі адам» дегенді қазақ «батыр» деп қана білетінін, «жүректі» сөзінің басқа қасиеттерін ескермейтінін, ашып танымайтынын талдаған. «Жүректі» дегенде, алдымен адамның рақымшылығы, мейірбандылығы, қайырымдылығы, адам баласының бәріне жақыным деп қарайтын бауырмашылығы ескерілу керек еді. Ондай адам өзіне қандай игілік тілесе, өзгеге де соны ойлайды дейді. Ал қазақ болса, «жүректі» дегеннің осы жағын ескермейді. Рақымды, мейірімді адамды қазақтың түсінігінде «жүректі» деп қабылдамайды. Ғашық болу, жақсы көру, сүю, құмарту секілді сезімдер де жүрек жемісі. Оларды елестеткенде де жүректі еске аламыз. Жүректі адам дегенде, батырлықты ғана емес, осы жағдайды да, яғни ғашықтықты да білуіміз керек дейді. Одан кейін «жүрегімен сөйледі» дегенді – жалғандықтан ада, өтіріктен таза адам деп білеміз дейді. Адам бойындағы бұл ізгі қасиет те дұрыс айтылмайтынын жазады. Жүрек сөзімен байланысты бірнеше тіркесті мысалға келтіріп, қазақтың «жүректі адам» деген сөзін тар түсініктегі «қасқыр жүректі» деген ұғымда қоданыпжүргенін сынаған.
Қай жанрда жазылды?
Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы он төртінші қара сөз публицистикалық сипатта жазылған.
Қай тілдерге аударылды?
Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.
Он төртінші сөз
Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры – әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.
Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе Құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?